Педагогикалық шеберлік орталығы

«МЕН ӨЗ ТЕАТРЫМДЫ ШЕКСІЗ СҮЙЕМІН…» көрнекті балет әртісі Алтынай Асылмұратовамен ұмытылмас онлайн кездесу

2020 жылдың 12 қарашасында «Шабыт» бағдарламасы аясында кезекті онлайн кездесу өтті. Алтынай Асылмұратованың есімі түрлі елдерде кеңінен танымал. Оның артында ұшы-қиыры жоқ, тартымды, ғажайып балет әлемі тұр. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қызметкерлерінің ұжымы Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей Федерациясының халық әртісі, Достық және «Парасат» ордендерінің иегері Алтынай Асылмұратовамен кездесті.

Кездесуді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова алғы сөзімен бастап берді. Өз сөзінде Алтынай Абдуахимқызының шығармашылық жетістіктерін және балалар мен жастарды тәрбиелеудегі заманауи өнердің рөлі маңызды екенін атап өтті.

Алтынай Абдуахимқызы өзінің отбасы туралы, тал бесіктен бастап театрға деген сүйіспеншілігінің бастауы туралы қуана бөлісті. Ол өз өмірін балетпен байланыстыруға ықпал еткен атасы жайлы, өзінің балерина ретінде қалыптасуы туралы зор ықыласпен айтты. Ролан Петимен және Сэр Кеннет Макмилланмен жемісті жұмысы туралы, «Париж Құдай Анасы соборы», «Капелия», «Манон» және т.б. әлемдік шедеврлердің қойылымдары жайлы ризашылықпен айтып берді.

Алтынай Абдуахимқызы жас әртістер мен балаларға өзінің барлық білімі мен тәжірибесін беруге ниетті екенін жеткізді. Оның: «Өнермен таза жан дүниеңмен айналысу керек! Өнермен ақша таппайды. Өнерді сүйіп, өмірді соған арнау керек» деген сөздері көрермендерге ерекше әсер етті.

Кездесуге қатысушылар балеринаның Қазақстандағы және шетелдегі шығармашылық жетістіктеріне, отандық балет өнерінің даму келешегіне, болашаққа жоспарлары мен жаңа жобаларына қызығушылық танытты.

Онлайн кездесуге Қазақстанның әр өңірінен 300-ден астам көрермен қатысты. Ұйым ұжымы уақыт бөліп, тамаша көңіл күй сыйлағаны үшін Алтынай Абдуахимқызына шын жүректен алғыс білдіреді. Аңызға айналған балеринамен кездесу жылулық пен өзара сенім атмосферасында өтті.

Кездесу Педагогикалық шеберлік орталығының YouTube арнасы арқылы көрсетіледі.


 13.11.2020     736

Тізімге кері қайту