«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының басым міндеттерінің бірі – зерттеу жүргізу. Қызметкерлердің осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге ғылыми-зерттеу дайындығының деңгейін арттыру мақсатында корпоративті оқыту аясында 2021 жылдың 7 маусым күні Педагогикалық шеберлік орталығында «Импакт-факторы бар ғылыми мақаланы қалай дайындау керек?» тақырыбында вебинар өтті.
Спикер ретінде Astana IT University Стратегиялық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мұқатай Айдос Ағдарбекұлы шақырылды. Айдос Ағдарбекұлының Elsevier, Web of Science бойынша семинарлар өткізуде, шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатуда тәжірибесі бар.
Әңгіме барысында ғылыми мақаланың түрлері мен құрылымы туралы мәселелерге ерекше назар аударылды. Қатысушылармен бірге мақала жазу үшін халықаралық журналдарды таңдау және нақты журналды жыртқыш журналдан қалай ажыратуға болатындығы туралы сұрақтар талданды. Спикер халықаралық журналда ғылыми мақаланы жариялау үдерісінің кезеңдерін ашып, ғылыми ортада салмағы бар журналдардағы жарияланымдардың құпиясымен бөлісті.
Вебинар қатысушылардың қызығушылығын арттырып, интерактивті форматта өтті. Вебинар қатысушыларына халықаралық беделді басылымдарды іздеу бойынша құнды ұсыныстар айтылды.