Қазақстан ТМД аумағында бірінші болып әлемдік білім беру саласындағы ең беделді форумдардың бірін өткізді, бұл отандық мұғалімдерге жаһандық форумға қатысуға бірегей мүмкіндік берді.
Астанаға Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Финляндия, Швеция, Малайзия, Австрия, Қытай, Америка Құрама Штаттары, Малави және тағы басқа 30 елден әлемдегі ең танымал сарапшылар, ғалымдар, практик педагогтер, докторанттар ұшып келді. WALS-2024 Lesson Study-ді ілгерілетуге және енгізуге мүдделі әлемдегі ең табысты мұғалімдерді бір арнаға біріктірді.
Конференция алаңында заманауи педагогиканың танымал басымдықтарына арналған симпозиумдар, постер сессиялар, шеберлік сағаттары және елордалық мектептерде кездесулер өтті.
Негізгі спикерлер қатарында әлемдік білім берудің ең беделді сарапшылары: Норвегиядан Ойстейн Кристиансен, Литвадан Дариус Радкевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер бар.
Астана форумына аталған конференцияның бүкіл тарихында абстрактілердің рекордтық саны – 850-ден астам қабылданды, олардың көпшілігін қазақстандық мұғалімдер дайындады. WALS Атқару комитеті бұл шараға ұлттық деңгейдегі қатысудың басымдылығын растайтынын атап өтті.
Қазақстан жаһандық WALS эстафетасын 2023 жылдың қарашасында Нидерландыда қабылдады. World Association of Lesson Studies президенті Кэтрин Льюис пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова WALS 2024 халықаралық конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Конференциялар бұған дейін Сингапур, Ұлыбритания, Жапония, Қытай және т.б. елдерде ұйымдастырылды.
Келісімшартқа қол қою кезінде Кэтрин Льюис Педагогикалық шеберлік орталығының Lesson Study-ді елдік жоба ретінде ілгерілетудегі жетістіктерін ерекше атап өтті:
– Қазақстандағы «Сабақты зерттеу» шын мәнінде жоғары деңгейде және әрбір мұғалімге дерлік жетті. Біз Педагогикалық шеберлік орталығындағы әріптестеріміздің он жыл ішінде елдегі және әлемдегі нағыз WALS елшілеріне айналғанын мақтан тұтамыз.
Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылдан бері отандық білім беру саласына «Сабақты зерттеу» әлемдік трендін енгізуде.