2020 жылы ауыл мектебі оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (бұдан әрі – ДББҰ) облыстық әкімдіктер мен Қазақстанның бизнес құрылымдарының қолдауымен «Ауыл мектебі» жобасының бастамасын жасады. Жоба аясында сабақтарды тиімді жоспарлау, бағалау тапсырмаларын әзірлеу және талдау, педагогтердің пәндік құзыреттіліктерін дамыту бойынша оқыту іс-шаралары өтті.
Педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін еліміздің алты өңіріндегі (Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары) 14 ауыл мектебінің барлық педагогін кәсіби желілік қоғамдастыққа біріктірді.
Қоғамдастық аясында әдістемелік іс-шаралар өткізілді.
2020 жылдың 23 қыркүйегінде Педагогтерге кәсіби даму траекториясын таңдауда әдістемелік қолдау көрсету, ауыл мектептерін дамытудың негізгі бағдарларын қалыптастыру мақсатында «Ауыл мектебі: табысқа бірге жетеміз» атты бірінші Республикалық семинар өтті. 2021 жылдың сәуір айында тәжірибе алмасу, оқыту мен оқу практикасын жақсарту мақсатында «Ауыл мұғалімінің тәжірибесі» атты екінші Республикалық семинар өтті.
Бүгінде «Ауыл мектебі» жобасы жұмысын жалғастыруда.
2021 жылдың 27 қыркүйегінде https://sdo.cpm.kz/ білім беру платформасында ауыл мектептерінің педагогтеріне арналған «Эссе жазу» тақырыбында жаппай онлайн курс іске қосылды. Курс бағдарламасы тыңдаушыларды эссенің құрылымымен, мазмұнымен таныстыруға, оқушыларды оны жазуға оқыту әдістемесін, бағалау критерийлерін зерделеуге бағытталған. Оқыту барысында мұғалімдер әртүрлі типтегі эссені сапалы жазуға ықпал ететін әдістер мен техникаларды талдап, эссені бағалау критерийлерімен танысады. Курстар оқыту әдістемесін жақсартып қана қоймай, мұғалімдердің оқушы эсселерін талдау мен бағалаудың практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Ауылдық мектептердегі оқу-тәрбие процесін зерттеу, оқыту практикасын бақылау және оқу жетістіктерінің мониторингісі нәтижелерін талдау, ПШО-ның кәсіби қажеттіліктерін зерделеу негізінде аналитика бойынша мектеп тренерлерінің жаңа санаты үшін тақырыптық онлайн курстар мен вебинарлар әзірленді.
Курстар https://sdo.cpm.kz/ платформасында асинхронды форматта өткізу жоспарланған және педагогтердің зерттеу мен талдау дағдыларын, деректерді жүйелеу мен өңдеу, диагностиканы жүзеге асыру және шешімдер мен қорытындыларды тұжырымдау біліктерін дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта ауыл мектептерінің педагогтерін мониторингілік зерттеулер жүргізуге оқыту бойынша вебинарлар топтамасы әзірленді.
Ағымдағы жылдың қазан айында төрт тақырыптық вебинарлар өткізілуде: «Мониторингілік зерттеулердің теориясы мен практикасы», «Сауалнамаларды әзірлеу және сауалнама жүргізу әдістемесі», «Онлайн сауалнамалар құру сервистерін тиімді пайдалану» және «Мониторингілік зерттеу деректерін талдау әрі түсіндіру».
Мұндай жұмыс форматы мектептердің әдістемелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен оқу сапасын жақсартуға, мұғалімдердің цифрлық және талдамалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Жоба ауыл мектептерін дамытудағы жаңа мақсаттар мен тың шешімдердің бастапқы нүктесі болады деп үміттенеміз.