«Мен өз ісімді жақсы көремін ...»
«Шабыт» бағдарламасы аясында 2020 жылдың 15 қыркүйегінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері, дирижерлердің көптеген еуропалық конкурстарының жеңімпазы Алан Асқарұлы Бөрібаевпен онлайн кездесуі өтті.
Онлайн кездесуді «НЗМ» ДББҰ Басқарма төрайымы К.Н. Шәмшидинова маэстроның Қазақстандағы және шетелдердегі үлкен кәсіби жетістіктерін атап өтіп, жылы лебізімен бастап берді.
Қызықты сұхбат барысында әйгілі қазақстандық дирижер мамандығын таңдауға әсер еткен балалық шағының қызықты оқиғалары мен естеліктерімен бөлісті.
Кездесуге қатысушылар музыканттың жеке өміріне ғана емес, оның Қазақстандағы және шетелдегі шығармашылық жетістіктеріне, опера өнерінің даму келешегіне, жаңа жобалар мен болашақтағы жоспарларына қызығушылық танытты.
Алан Асқарұлы «ЭКСПО-2017» іс-шаралар бағдарламасында ұсынылған Г. Малердің аты аңызға айналған Симфония №8, сондай-ақ «Мың қатысушының симфониясы» деп те аталатын керемет қойылымы туралы, көрермендер мен музыкалық сыншылар арасында орасан зор құрметке ие Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының жаңа қойылымы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Бүгінде дирижер Осло, Хельсинки, Гамбург, Берлин, Милан, Мельбурн, АҚШ, Корея, Жапония, Ұлыбританияның филармониялық оркестрлерімен өнер көрсетеді. Оның айтуынша, әлемнің әртүрлі музыкалық топтарымен жұмыс істеуге көмектескен «музыка тілі – бұл бейвербалды қарым-қатынас тілі».
Алан Асқарұлы заманауи опера өнерінің болашағы туралы сұрақтарға жауап бере отырып, классикалық музыка өмірді сезінуге көмектесетінін, сондықтан көрермендермен байланыстың жаңа түрін іздеу мен табу, қойылымдарды «дәмді» әрі қызықты ету, болашаққа бағдар жасау маңызды екенін айтып өтті. «Бастаған ісіңде жетістікке жеткен сайын, жаңа шыңдарды бағындырып, жаңа мақсаттарға жеткің келеді», – деді маэстро.
Әйгілі дирижермен болған онлайн кездесу абсолютті ашықтық пен сенім атмосферасында өтті. Көрермендердің маэстроға қоятын көптеген сауалына жауап алуы мен кездесуден тамаша әсер алуына кездесудің стандарттан тыс форматы кедергі болмады.
Ұйым ұжымы Алан Асқарұлына алтын уақытын бөлгеніне алғыс білдіреді және үлкен шығармашылық табыс тілейді.
Педагогикалық шеберлік орталығының
баспасөз қызметі