«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қазақтың ұлы педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Жаңа шынайылықта білім беру» жобасын бастайды.
Мерейтойлық бағдарламаның басты оқиғасы қазіргі заман мұғалімінің әлеуетін дамытуға мол мүмкіндік беретін Ыбырай Алтынсариннің педагог шеберлігі онлайн алаңының ашылуы болмақ. Онлайн алаң Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектеп педагогтері арасындағы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі иегерлерінің үздік педагогикалық тәжірибесін таратуға арналған.
Онлайн алаң аясында келесі тақырыптық бағыттар негізінде мәселелерді талқылау жоспарлануда:
- «Қазақ зиялыларының ағартушылық қызметтері»;
- «Сабақты қалай ұмытылмастай өткізу керек?»;
- «Мұғалімнің цифрлық зертханасы»;
- «Мектептегі зерттеу: біздің тәжірибеміз – біздің нәтижеміз»;
- «Тәрбиелік жобалар: digital-ұрпақтың жүрегіне жол табу»;
- «Ата-аналармен диалог».
Әлеуметтік желі форматында онлайн алаң ұйымдастыру әрбір мұғалімге бірегей білім беру контентін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің идеяларын насихаттау мен мектептегі білім беруде озық тәжірибелерімен алмасудағы жаңа қадам.