2022 жылы 13 мамыр күні ұшқыш, Екінші дүниежүзілік соғыс батыры, «Халық қаһарманы» атағының иегері Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына байланысты «Шабыт» бағдарламасының кезекті шығарылымы өтті. Кездесуге қонақ ретінде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сара Танабаева мен «Хиуаз Доспанова. Рахмет айтып үлгеріңіз» фильмінің продюсері Мұрат Жәкібаев қатысты.
«NIS» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова кіріспе сөзінде бағдарлама қатысушыларына ыстық ықыласын жеткізіп, мұндай кездесулердің өскелең ұрпақ үшін ерекше маңызын атап өтті.
Онлайн кездесу Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен көрсетілді. Әңгіме Х. Доспанованың балалық шағы, оның ата-анасы, ұстаздары және ұшқыш болу туралы арманынан өрбіді. Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров өзінің сұхбатында анасының алғашқы ерліктері, медальдары мен қолжазбалары туралы айтып берді.
Кездесу қатысушыларының назарына «Раскованың басқаруымен», «Халқым үшін» бейнефильмдері, өмірбаяндық еңбектері ұсынылды. Фильмнің продюсері Хиуаз Доспанова туралы фильм түсіру кезіндегі қызықты сәттерді айтып, оның Мәншүк Мәметовамен таныстығы жөнінде, сондай-ақ 46-гвардияны неліктен «түнгі мыстандар» полкі деп атағаны жайында мәліметтермен бөлісті.
Онлайн сұхбатқа 300-ге жуық қызметкерлер мен педагогтер қосылды.