2020 жылы 15 мамырда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қызметкерлеріне арналған корпоративтік оқыту аясында «Заманауи білім беруді дамытудың жеті идеясы» тақырыбында кезекті вебинары өтті. Вебинардың спикерлері Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Мукутов Талғат Кенжебекұлы және Нөгербаев Төлеген Кәкімұлы болды.
Вебинар тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазір қоғамда білімнің қалай дамуы, педагогке қандай дағдылар мен құзыреттіліктер қажеттігі туралы әртүрлі пікірлер жиі кездеседі. Әлеуметтік оқшаулау әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігі озық пайдаланушы деңгейінде болу керектігін, оқытудың кез келген форматындағы тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін әдістер мен құралдарды меңгеруі және шебер пайдалануы тиіс екенін көрсетті.
Спикерлер Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы К. Швабтың «Өнеркәсіптік революция технологиялары» кітабында баяндалған ұстанымын талқылауға ерекше назар аударды. Ғалым өнеркәсіптегі технологиялардың рөлін қарастыра отырып, әлеуметтік ережелер мен қалыптасқан нормаларды өзгерту қажеттігін атап өткен.
К. Швабтың тезисіне сүйене отырып, спикерлер аудиторияға: «Пандемияны және дүниежүзіндегі карантинді есепке ала отырып, қазақстандық мектептерде оқу үдерісіне қандай өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет?» деген сауал тастады. Талқылау, ең алдымен, қашықтан оқыту тәжірибесін, заманауи білім беруді дамыту идеяларын қамтыды: білім беруді немен толықтырамыз? Не істеуге болады? Нені сақтау қажет? Біздің қолымызда не бар?
Жалпы алғанда, вебинар тыңдаушыларға білім берудегі қалыптасқан жағдайды көруге, идея алмасуға мүмкіндік берді әрі жағымды пікір қалыптастырды.
